Ақсу қаласының әкімдігі

АҚСУ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ САЙТЫ

Біздің телефон 8 (71837) 50187
WHATSAPP+7 (747) 912-63-16
Загрузка...

Сұрақ

Ақсу қаласында «ZeroTolerance» мобильдік қосымша енгізу жоспарлануда, ол азаматтарға смартфон арқылы әртүрлі құқық бұзушылықтар және басқа да толғандыратын мәселелер туралы хабарландыру (фото-бейне) жіберуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде адамдар бұзушылықтарды жаза отырып, ол туралы хабарлап қана қоймайды, өздерін де тәртіпке үйретеді. Осы қосымшаны енгізуді қолдайсыз ба?

Сұрақтар мұрағаты

Саяхат

Саяхат

5.1. Шетелге шығатын ҚР азаматтары үшін жадынама
 
Бұл жадынама Қазақстан Республикасының шет елге шығатын азаматтарына арналған. Жадынамада шет елге саяхат кезінде қиындықтарға ұшырамау үшін жалпы тәртіптер мен кеңестер берілген.
.
I. САПАРҒА ДАЙЫНДЫҚ
• Шет елге шыққан кезде, ең алдымен, жол құжаттарыңыздың дұрыстығын тексеріп алу керек. Әсіресе, паспорттағы тегіңіздің, атыңыздың, әкеңіздің атының (латын тіліндегі транслитерациясы да), туған күніңіз бен туған жеріңіздің, балаларыңыз туралы мәліметтердің, паспортыңыздың аяқталу мерзімінің (паспорттың мерзімі сапар аяқталғаннан кейін кем дегенде 6 айға дейін жарамды болу керек) дұрыс жазылғанына көз жеткізіңіз. Егер өзіңізбен бірге 16 жасқа толмаған балаларыңыз бара жатса, онда әке-шешесінің біреуінің паспортына балаларды жазып, суреттерін жабыстыру керек немесе оларға жеке паспорт алуға болады.
• Жолға аттанар алдында туыстарыңыз бен достарыңызға өзіңіздің сапарыңыз бен баратын жеріңіз туралы айтып, байланыс телефондарыңызды тастап кетіңіз.
• Баратын елдегі Қазақстан Республикасының елшілігі немесе консулдық мекемесінің телефондарын жазып алыңыз (біздің елдің шет елдердегі дипломатиялық өкілдіктерінің мекен-жайлары мен телефондары №1 қосымша мен ҚР СІМ-нің www.mfa.kz сайтында берілген).
• Қазақстан Республикасынан үш мың АҚШ долларынан артық шет ел валютасын алып бара жатсаңыз, оны мағұлымдамада (декларация) жазып көрсету қажет. Қазақстан Республикасының азаматтары басқа елге қолындағы шет ел валютасын алған жерді растайтын құжатсыз он мың АҚШ доллары көлемінде ғана шет ел валютасын алып өте алады. Бұл сомадан артық валюта алып бара жатқан жағдайда, оларды растайтын мынадай құжаттарды көрсету қажет: айырбастау пунктінің шет ел валютасын сатып алғандығы жөнінде анықтама-куәліктер, банктік есеп-шоттан ақшаны шет ел валютасымен алғандығы туралы құжаттар, шет ел валютасын аударма арқылы алғандығы туралы банктік құжаттар, Қазақстан Республикасына алып кірген шет ел валютасы туралы кедендік декларация. Бірақ басқа елге барған кезде мағұлымдамада көрсетпеуге болатын ақша көлемін сұрап алыңыз.
• Баратын елдерде өзіңізге қажетті дәрі-дәрмектердің бар-жоғын алдын ала біліп алыңыз. Кейбір кездерде Қазақстанда оңай сатып алуға болатын дәрілерді, шет елде шығара бермейді немесе оларды тек дәрігердің берген рецептісімен ғана сатып алуға болады.
• Ауа-райы ыстық елдерге баратын болсаңыз, алдын ала егілген жөн. Тропикалық елдерге баратындарға күл ауруына, сіреспеге, полиомелитке қарсы егілген дұрыс. Африка (Сахарадан оңтүстікке қарай) мен Латын Америкасына барар алдында безгекке қарсы міндетті түрде егілу керек. Меккеге баратындарға делбеге қарсы егіліп алған жөн. Африка мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде ұзақ уақыт болатын болсаңыз В гепатитіне қарсы егілген дұрыс.
• Шетелге оқуға, жұмысқа немесе тұру үшін бара жатсаңыз, құжаттарыңызды заңдастырып немесе апостил қойғызып алыңыз. Бұл, ең алдымен, білім туралы құжаттарға, АХАЖ мекемелері берген куәліктерге, мүліктік қатынастар мен әлеуметтік қамтамасыз ету құжаттарына қатысты.
• Көп елдерде азық-түлік тағамдарын, спирттік ішімдіктерді, темекі өнімдерін алып кіруге шектеулер қойылғанын немесе тыйым салынғанын ескеру қажет. Мысалы, мұсылман елдерге қандай-да болмасын спирттік ішімдіктерді алып кіруге болмайды.
• Шет елде болатын мерзімге сәйкес дәрігерлік сақтандыру полисін алуды ұмытпаңыз. Ол саяхат кезінде жазатайым оқиғадан сақтану мен сақтандыру полисінде көрсетілген аяқ астынан болған дәрігерлік шығындардан сақтануға мүмкіндік береді.
 
II. ВИЗА АЛУ
• Егер басқа мемлекеттің аумағына кіруге виза керек болса, оны алу үшін сол мемлекеттің Қазақстандағы дипломатиялық өкілдігіне я консулдық мекемесіне өзіңіз немесе жақсы білетін турагенттік арқылы алдын ала (1-2 ай бұрын) өтініш жасаңыз. № 2 қосымшада Қазақстан Республикасының азаматтарына паспорттың түрі мен сапардың мерзіміне қарай визаны талап етпейтін елдердің тізімі берілген.
• Кейбір мемлекеттердің елшіліктерінде визаны дайындау мерзімі, әсіресе, демалысқа баратын саяхатшылар көбейген кезде, көп уақытқа созылып кететінін ескеріңіз. Сонымен қатар, әр елшілік визаны беру тәртібін, мысалы, консулмен сұхбатты, визаның құны мен қажет құжаттардың тізімін өз қалауына қарай бекітеді. Қазақстандағы шетел мемлекеттерінің елшіліктерінің мекен-жайлары мен байланыс телефондары № 3 қосымшада берілген.
• Шетел мемлекеттері елшіліктерінің виза алу үшін құжаттарға қоятын талаптарын орындау (фотосуреттің көлемі, сауалнаманы дұрыс, оқылатындай етіп толтыру, консулдық алымды төлеу және басқа талаптар), сіздің виза беру жөніндегі сұрауыңызды дер кезінде қарастырып, оны уақытында алуға көмектеседі.
• Визаны алмай тұрып жол жүру билеттерін алудың қажеті жоқ. Есіңізде болсын, шетел мемлекеттерінің елшіліктері виза берілмегендіктен немесе кешігіп дайындалғаннан болатын шығындарыңыз үшін жауап бермейді.
• Визаны тез арада алуға белгілі күнге сатып алған билетіңіз көмектеседі деп ойламаңыз. Бірақ кейбір елшіліктер ондай талап та қоюы мүмкін.
• Егер ол елге басқа мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін болсаңыз, онда транзиттік визаны ресімдеу жөнінде және оның аяқталу мерзімі мен шекарадан кедергісіз өту үшін қанша мәрте болу керектігі туралы алдын ала сұрап алыңыз.
• Виза алғаннан кейін ондағы мәліметтердің дұрыстығын: паспортыңыздың нөмірін, атыңыз бен тегіңізді, туған күніңізді, визаның санаты мен мерзімін, шетел мемлекетінде қанша күн болуға рұқсат берілгенін тексеріңіз. Есіңізде болсын, басқа бір адамның визада жіберген қателігінен шет елге кірген кезде де, болған кезде де қиындықтар тууы мүмкін.
Төменде Қазақстан азаматтары жиі баратын елдердің визалық тәртіптеріндегі ерекшеліктер көрсетілген.
 
ТМД елдері
ТМД елдері Қазақстан ТМД елдерінің көбімен азаматтардың визасыз барып-келуі туралы келісім-шартқа қол қойған.
Атап айтқанда, Армения, Әзірбайжан, Белорусь, Грузия, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан елдеріне кіру үшін ҚР азаматының паспорты жеткілікті. Осы ретте Ресейге ҚР жеке куәлікпен және әке-шешесінің бірінің  нотариалды куәландырылған келісімі мен ата-анасының сенімхаты бар баланың туу туралы куәлікпен (16 жасқа толмаған ҚР азаматтары үшін) кіруге болады. Сонымен бірге, Қырғызстан аумағына жеке куәлікпен және әке-шешесінің бірінің нотариалды куәландырылған келісімі мен ата-анасының сенімхаты және Қазақстанның азаматтығына қатыстылығын растайтын анықтамалық-жапсырмасы бар (фотосуретпен) баланың туу туралы куәлікпен (16 жасқа толмаған ҚР азаматтары үшін) кіруге құқылы. Қазақстан азаматтары Қырғыз Республикасының аумағында 90 күнге дейінгі мерзімде бола алады және Қырғызстанда болу уақыттысын тағы 90 күнге дейін ұзартуға болады.
Қазақстан Республикасының азаматтары қазақ-ресей шекарасынан өткен кезде Ресейдің көші-қон карточкасын толтыру керек. Ресейдің шекаралық қызметі көші-қон карточкасы мен паспорттың кез-келген бос бетіне мөртабан басады. Егер Ресейге барған Қазақстан азаматтарының үздіксіз болу мерзімі күнтізбелік 30 күннен аспайтын болса, РФ аумағында уақытша болатын ҚР азаматтары Ресейдің құзыретті органдарында тіркеу (болатын орны бойынша есепке қоюдан) міндетінен босатылады.
ҚР азаматы РФ аумағында 30 күннен артық болған жағдайда,  аталған азамат Ресейдің заңнамасына сәйкес, оның құзыретті органдарында тіркелуге (болатын орны бойынша есепке тұру) міндетті.
Қазақстан азаматтары Украина мен Молдоваға 3 айдан астам уақытқа баратын болса, виза алуы керек.
Түрікменстанға бару үшін Қазақстан Республикасының азаматтарына виза алу қажет. Қызметтік және дипломатиялық паспорты бар тұлғаларға бұл тәртіп қолданылмайды. Сонымен қатар, Атырау мен Маңғыстау облыстарының тұрғындары паспорттарымен және осы облыстарда тұратынын растайтын ҚР азаматы деген жеке куәліктерімен Түрікменстанның Балқан уәләяты аумағына 5 күнге дейін келуіне, кетуіне және уақытша болуына болады.
 
Шенген аймағына кіретін елдер
• «Еуропа Одағына мүше кейбір елдердің арасында кедендік паспорттық тексеруді алып тастау» туралы Шенген келісімі 26 мемлекетті қамтиды. Олар: Австрия, Бельгия, Венгрия, Греция, Дания, Германия, Исландия, Испания, Италия, Латвия, Литва, Лихтенштейн, Люксембург, Нидерланд, Норвегия, Мальта, Польша, Португалия, Словакия, Словения, Финляндия, Франция, Чехия, Швеция, Швейцария және Эстония;
• Қысқа мерзімді шенген визаларының қолданылу тәртібі Шенген аймағына кіретін барлық елдерде бірдей.
• Шенген шартын қабылдаған мемлекеттер Шенген аймағына кіруге және онда қалуға рұқсат беретін келесі санаттағы бірыңғай визаларды береді:
(А) визасы – ұшақ жолаушыларына ғана беріледі және әуежайдың транзиттік аймақтан шығуға құқық бермейді;
(С) қысқа мерзімді визасы – Шенген аймағына бірінші рет кіргеннен бастап 6 айдың ішінде 90 күнге дейін қалуға рұқсат береді;
(Д) ұзақ мерзімді ұлттық визалар Шенген шартын қабылдаған басқа мемлекеттердің аумақтары арқылы 5 күн ішінде визасыз транзитпен жүріп өтуге рұқсат береді.
• Бір мәртелік визамен Шенген аймағына визаны берген консулдық мекеменің елі арқылы ғана кіруге рұқсат етіледі. Мысалы, Сіз визаны Францияның консулдығынан алсаңыз, онда кез-келген Шенген еліне тек Франция арқылы бара аласыз.
• Шенген аймағына Ұлыбритания, Ирландия, Румыния, Болгария және Кипр кірмейді.
 
Таяу және Орта Шығыс, Азия, Африка Елдері
Иордан Хашимит Корольдігі
Қазақстан Республикасының азаматтары Иорданияның барлық шекара өту пунктерінде кез келген паспорт түрімен 3-5 минут ішінде 15 АҚШ долларға 1 айға дейін визаны ала алады.
Иорданияға келгеннен кейін онда ұзақ мерзімге қалуға ниет білдірген Қазақстан азаматтары көші-қон полициясының кез келген бөлімшесінде визаның мерзімін ұзарта алады
 
Иран Ислам Республикасы
Иран Ислам Республикасының аумағына кіру үшін Қазақстан азаматтары ирандық визаны рәсімдеу керек. Визаны алу үшін қазақстандық азаматтар Астана қаласындағы Иранның Елшілігіне немесе Ақтау қаласындағы Бас консулдыққа жүгіну қажет.
Иранның аумағына кіру барысында сыртқы киімге ерекше назар аудару жөн. Әйел адамның киімі кең және қарапайым болу керек. Иранда әйел адамдарға ашық киіммен және бас орамалсыз жүруге болмайды.
 
Сауд Арабиясы Корольдігі
Сауд Арабиясы Корольдігінің аумағына кіру үшін Қазақстан азаматтары саудтық визаны рәсімдеу керек. Қажетті визаны алу үшін қазақстандық азаматтар Астана қаласындағы Сауд Арабиясының Елшілігіне жүгіну қажет.
Сауд Арабиясының әуежайларында визаларды беру қолданылмайды.
Сауд Арабиясының аумағына кіру барысында сыртқы киімге ерекше назар аудару жөн. Әйел адамның киімі кең және қарапайым болу керек. Сауд Арабиясында әйел адамдарға ашық киіммен және бас орамалсыз жүруге болмайды.
 
Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ)
Бұл ел визаны БАӘ әуежайына ұшып барған кезде де береді.
Бірақ БАӘ әуежайында жергілікті билік себептерін түсіндірместен Қазақстан азаматтарына елге кіруге виза беруден бас тартқан кездері болған. Сондықтан осындай жағдайларға тап болмас үшін виза алу керек болса, алдын-ала тікелей БАӘ-нің Қазақстандағы Елшілігіне баруға кеңес береміз.
Паспорттағы Израиль Мемлекетінің визасы немесе басқа белгілері БАӘ-ге кіруге рұқсат бермеуге негіз бола алады (осындай себеппен басқа мұсылман елдері де кіруге рұқсат бермей қоюы мүмкін).
Сонымен қатар, күйеуінсіз немесе тегі күйеуінің тегінен бөлек жасы 30-ға толмаған әйелдерге елге кіруге рұқсат берілмеуі мүмкін.
Виза алу үшін шақырушы тараптың растау қағазы/шақыруы болуы керек. Бұл құжатты виза алу үшін БАӘ әуежайына ұшып барған соң көрсету қажет.
Паспорттың мерзімі сапар аяқталған күннен бастап кем дегенде 3 айға дейін жарамды болуы тиіс.
Әке-шешесінің біреуімен немесе басқа бір адаммен бара жатқан 18 жасқа дейінгі балаларға нотариалды бекіткен әкесінің немесе шешесінің (әке-шешесінің) рұқсат қағазы керек.
Визаның екі түрі бар: транзиттік (14 күнге ресімделеді) және кіру үшін (30 күнге ресімделеді).
БАӘ-дағы туристік фирмалар мен шетелдік компаниялар жұмыс ұсынған жағдайда сақ болу керек, себебі қыздарды жезөкшелік құлдыққа салған кездер болған.
 
Қатар Мемлекеті
Қатар Мемлекетінің визасын шетелдік азаматтар Қатардың тиісті мекемелерінің өтініші (туристік виза үшін – қонақүйлердің шақыру хаттары, жұмыс визасы үшін – болмыш елде тұратын жеке тұлғаның арызы) негізінде алады.
Елдің заңнамасына сәйкес, шетелдік туристтер бірден 6 айлық мерзімге туристтік виза ала алады, ал жұмыс істеуге келген азаматтар 2 жылға немесе одан да ұзақ мерзімге жұмыс визасын рәсімдеуге мүмкіндіктері бар (жұмыс контрактісінің мерзіміне сай).
Қатар Мемлекетінде 30 күннен артық мерзімге болуды жоспарлаған шетелдік азамат 7 күн ішінде медициналық тексерістен өтіп, саусақ іздерінің көшірмелерін түсіруі және елде болу мақсаты, жұмыс түрі, болу мерзімі толық баяндалатын тиісті құжаттарды толтыруы қажет. Аталған рәсімдердің соңында шетелдік азаматтың ұлттық паспортына құзыретті органдармен келісілген елде болу мерзімі көрсетілген жапсырма жабыстырылады.
 
Кувейт Мемлекеті
Кувейт Мемлекетіне баруға ниет білдірген шетелдік азаматтар тиісті санаттағы визаны Кувейттің шет елдегі дипломатиялық өкілдіктерінде және Эль-Кувейт қаласының халықаралық әуежайына қонған кезде ала алады. Израиль Мемлекетінің визасы немесе басқа белгілері Кувейтке кіруге рұқсат бермеуге негіз бола алады.Күйеусіз, ағасынсыз немесе баласыз жүрген әйелдерге қысқа мерзімді кіру визаларын рәсімдеу әдетте бас тартылады.
 
Бахрейн Корольдігі 
Бахрейн Корольдігінің заңнамасына сәйкес, елге Корольдіктің дипломатиялық мекемелерінде тиісті санаттағы визаны алдын ала алған кез келген шет мемлекеттің азаматтары кіре алады.
Сонымен қатар, Бахрейннің заңы бойынша, шетелдік азаматтар әуежайға келген уақытта да визаны ала алады.
 
Ливан Республикасы
Ливанға турист ретінде бара жатқан Қазақстан азаматтары Ливанның 1 айға дейінгі кіру визасын консулдық алымсыз Бейрут қаласының халықаралық әуежайында немесе ливандық шекара өту пунктерінде ала алады.
Ливанға туристік және т.б. мақсатпен келуге ниеттенген шетелдік азаматтар Ливанның дипломатиялық немесе консулдық өкілдіктерінде кіру визасын рәсімдей алады.
Израиль Мемлекетінің визасы немесе басқа белгілері Ливанға кіруге рұқсат бермеуге негіз бола алады.
 
Малайзия
Егер Қазақстан Республикасының азаматтары Малайзияға 30 күнге ғана бара жатса, оларға виза алудың керегі жоқ (паспорт мерзімінің жарамдылығы Малайзияға барған соңғы күннен бастап 6 айдан кем болмауы керек). Туристердің ұшақта толтыратын көші-қон карточкасының бір көшірмесі елге кіруге және онда болуға беретін рұқсат болады. Бұл құжатты елден шыққанша сақтау керек.
Болмыш елдің көші-қон заңнамасына сәйкес, осы елге келуіне рұқсат етілмеген немесе Малайзия аумағында заңсыз болушы адам қамауға алынуы мүмкін және шешім шығарылғанға дейін 30 тәулікке дейін депортациялық лагерьге орналастырылуы мүмкін.
Ел аумағында заңсыз болғаны үшін Малайзия заңнамасымен 
60 тәуліктен 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру туралы санкциясы немесе 2000-нан 13000 АҚШ доллары көлемінде айыппұл салу қарастырылған.
 
Корея Республикасы
Шетелдіктердің Кореяға кіруіне үшін негізгі құжаттар паспорт пен виза болып табылады. Визалар бір немесе екі жылдан аспайтын мерзімге беріледі. Өтініш беруші Корея Республикасымен ұзақ мерзімді немесе іскерлік контрактісі бар компания басшылығының мүшесі екенін растайтын құжаттарды ұсыну қажет.
Визаның жарамдылық мерзімі туралы корейлік серіктестіктер де хабардар болуы керек, себебі оның осы мерзімді созып алуы 100 мың вон, яғни 90 АҚШ доллары көлемінде айыппұл салынады немесе ақша соммасы болмаған жағдайда, ұақытша ұстау изоляторына қамауға алу және одан әрі еліне депортациялануы мүмкін.
Корей ұлтты азаматтар Корея Ресубликасының құрылуына дейін елден кеткен және шет елде тұрушы, сондай­-ақ олардың ұрпақтары арнайы виза арқылы осы мемлекетке келіп тұра алады және онда екі жыл ішінде бола алады.
Транзиттік жолаушылар немесе турист-экскурсанттар тіркелген қайта ұшу билеттерінің негізінде Кореяда визасыз отыз күн ішінде бола алады. Алайда бұл ереже азаматтығы жоқ адамдарға және Албания, Камбоджа, Куба, Ресей, Украина, Беларусь, Лаос, Молдова, Средней Азии и Кавказ мемлекеттері, Босния и Герцеговина, Македония, ҚХР, Моңғолия, Вьетнам, Гана, Индия, Иран, Бирма, Непал, Нигерия, Филиппиндер, Шри-Ланка, Палестина мемлекеттері өкілдеріне қарастырылмаған.
 
Түркия
Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасының арасындағы келісімге сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтары ұлттық паспорттарымен Түркияға визасыз 1 айға кіруіне және болуына болады.
 
Жаңа Зеландия
Жаңа Зеландияның қандай да болсын туристік, іскерлік немесе жеке сапарға арналған визаны алу үшін Жаңа Зеландияның Елшілігіне (Жаңа Зеландияның Елшілігі Мәскеу қаласында орналасқан) қажетті құжаттарды табыстау керек. Барлық құжаттар ағылшын тіліне аударылуы тиіс немесе ресми тіркелген компаниямен ағылшынға аударылуы керек. Аудармаларды ұсынған кезде құжаттардың түпнұсқасын немесе орыс тіліндегі куәландырылған көшірмелері де қоса берілуі қажет.
Жаңа Зеландияның визасын алу үшін қажетті құжаттар тізімі:
- Жаңа Зеландиядан кеткеннен кейін үш айдан кем емес мерзімге жарамды паспорт;
- Толтырылған сауалнама;
- Толтырылған қосымша форма;
- 3 x 4 фотосурет;
- Жаңа Зеландияда тұрақты тұратын шақыртушымен толтырылған және қол қойылған оның қаржатыныңбар болуы туралы құжаттар және/ немесе арнайы спонсорлық форма;
- Қосымша құжаттар (егер бар болса): ішкі паспорттың көшірмесі, туристік бағдарлама, қонақүйдегі бронь, алдындағы визалар, шақыртушыңызбен жасалған контракт;
- Жаңа Зеландиядан қайтудың гарантиясы ретінд қайту билеті немесе шақыртушы я жұмыс берушіңізбен берілген гарантия;
Жаңа Зеландияға алты айдан аса мерзімге сапар шегушіге рентгенограммаға түсірілуі қажет, ал 24 айдан астам мерзімге болатындарға сақтандырушы дәрігердің қолы қойылған және жеке мөрі басылып, толтырылған медициналық сертификаты болуы шарт.
Жаңа Зеландияға 24 айдан астам мерзімге баруды жоспарлаушы 
17 жастан жоғары азаматтар полициядан немесе 17 жасқа толғанынан кейін бес жылдан астам уақыт тұрған мемлекеттің полиция органдарынан анықтама қажет.
 
Сингапур
Қолданыстағы тәртіп бойынша, Сингапурға келуге дейін оның шет елдердегі мекемеерінде виза рәсімдеу тиіс. Сингапурдың Алматыдағы Құрметті консулдығы жұмыс істейді.
Шетелдік азаматқа келесі қжаттардың негізінде кіру визасы рәсімделеді: жарамды паспорт (жарамдылық мерзімі алты ай), кері қайтуды растайтын билет, Сингапурда болуға жетерліктей қаржы құралдары.
Шетелдіктерді тіркеу халықаралық әуежайға немесе басқа бекеттерге келіп түскен кезде кіру-шығу картасы арқылы жүзеге асырылады, ол бақылау өткізу бекеттерін өтуге дейін толтырылады.
 
Тайланд
Қазақстан азаматтары Тайландтың визасын сол елдің әуежайына қонған кезде ала алады. Ол үшін тиісті құжаттарды: паспортты, фотосуретті (4х6 см), виза алу үшін толтырылатын сауалнаманы, көші-қон карточкасын және 1000 батт (шамамен 30 АҚШ доллары) ақшаны «Visa on arrival» терезесіне өткізу керек.
 
Қытай 
Қытайға 1 айға баратын дипломатиялық және қызметтік паспорттары бар Қазақстан азаматтарына виза алудың қажеті жоқ.
Ұлттық паспорт болса, Қазақстан азаматтары виза үшін ҚХР Елшілігіне қажетті құжаттармен өздері баруы тиіс (Қосымша ақпаратты ҚХР Елшілігінің сайтынан алуға болады, № 3 Қосымшаны қараңыз).
 
Ескерту:
Қазір Қазақстандағы шет елдердің елшіліктері виза мен сұхбатқа жазылу үшін өтініштерді бірыңғай тек Интернет арқылы алып, құжаттардың түпнұсқасын артынан өткізу тәжірибесіне көшіп жатыр. Мысалы, АҚШ, Қытай, Нидерланды, Ұлыбритания, Швейцария елшіліктері визаны ресімдеудің осындай түріне көшкен (шет елдердің елшіліктерінің веб-сайттары № 3 Қосымшада берілген).
 
III. ЖОЛДА
Ұшақтағы қауіпсіздік талаптарының қатаюы мен жеке заттардың мұқият тексерілетініне байланысты алып жүруге тыйым салынған заттардың тізімін анықтап алыңыз. Қол жүгіңізде тескіш пен кескіш заттарды, қаруға ұқсайтын балалардың ойыншықтары мен басқа заттарды алып жүруге болмайтынын есіңізден шығармаңыз. Америка мен Еуропа елдерінде қол жүгіне қатысты қарапайым шектеулерден басқа жолаушыларды тексергенге дейін өзіңізбен бірге алып барған және сатып алған сұйық, қоймалжың заттарды алып жүруге шектеу бар.
Әуежайда кедендік мағұлымдаманы толтыруды ұмытып кетпеңіз. Алайда есіңізде болсын, әр ел алып кіретін ақшаға шектеуді өзі қояды. Сондықтан алып кіретін ақшаның бір бөлігін банктік карточкамен, жол чекімен және басқа құралдармен алып жүрген жөн. Өткізген жүктің талоны жүк жоғалып қалған жағдайда міндетті түрде керек болатындықтан сақтап қою керек. Ұшақтың билетін, паспортты, ақшаны және басқа құнды заттарды өзіңізбен бірге алып жүргеніңіз дұрыс.
Шет елде паспорттық тексеру бекетінен өтер кезде паспортпен бірге сапарыңызға байланысты басқа құжаттардың (баратын адамның/ұйымның шақыруы, қонақ үйдегі брон және т.б.) болғаны жөн.
Шет елге барғанда кездейсоқ адамдардың жүк салмағым асып кетіп тұр деген сылтаумен тексеру бекеттерінен заттарды өткізіп беру туралы өтінішін орындамаңыз және танымайтын адамдардан беріп жіберетін зат (хат, жіберілім, жүк және т.б.) алмаңыз, олар есірткіні, жарылғыш құралдарды, улаушы заттар мен қауіпті аурулардың қоздырғыштарын заңсыз тасу үшін құпия жасырғыш ретінде қолданылуы мүмкін.
 
IV. ШЕТЕЛДЕ БОЛҒАНДА
 
Шет мемлекетте болған кезде сізге сол елдің заңы жүретін болғандықтан оны міндетті түрде сақтауыңыз керек. Барған елдің заңдарын білмеу сізді жауапкершіліктен босатпайды.
Шетелде болғанда жалпы қабылданған этика мен әдепке сәйкес дұрыс жүріп тұрыңыз, жергілікті салт-дәстүрлерді құрметтеу, әсіресе, Азия және Африка елдерінде маңызды.
Есіңізде болсын, шет тілінде қарапайым сөздерді білгеннің шет елде жүргенде көмегі болады және жергілікті халық оны ұнатады.
Жалпы келесі кеңестерді есте ұстаған абзал:
• Қонақ үйге барғаннан кейін онда тұру мен өрттен сақтану ережелеріне көңіл бөліңіз. Қонақ үйдің визиткасын өзіңізбен алып жүргеніңіз дұрыс (қонақ үйлерде әрқашанда картасы бар кітапшаларды алуға болады).
• Күтпеген оқиғалар болған жағдайда (жергілікті құқық қорғау органдарының ұстауы, бөтен кісілер тарапынан қорқытулар, жол апаты және т.б.) сол елдегі Қазақстанның консулдық мекемесінің қызметкерімен кездестіруді талап етуге құқыңыз бар. Қазақстан Республикасының консулдық мекемесінің қызметкерлерінің қатысуынсыз шет тіліндегі қандай-да бір хаттамаға немесе құжатқа қол қоймаңыз.
• Шет елге сапар кезінде өзіңізбен бірге паспорттың, визаның және оны алуға негіз болған шақырудың көшірмелерін алып жүрген дұрыс. Қазақстан Республикасының паспорты мен жеке куәлігін жоғалтып немесе ұрлатып алған жағдайда бұл құжаттардың көшірмелері ҚР консулдығынан «Қазақстан Республикасына қайтуға куәлік» алуға көмек болады. Егер сіздің қолыңызда ешқандай құжат немесе олардың көшірмелері болмаса (жоғалтып немесе ұрлатып алған жағдайда), онда сізге аталған Куәлікті алу үшін ҚР консулдығында жеке тұлғаңызды анықтау рәсімінен өту керек болады.
• Шет мемлекетке оқуға, жұмысқа немесе тұрақты тұру үшін барған Қазақстан азаматтары жақын жердегі Қазақстанның дипломатиялық өкілдігіне немесе консулдығына барып, консулдық тіркеуге тұруы қажет. Консулдық тіркеуге тұру Қазақстанға бармай-ақ көп мәселені шешуге мүмкіндік береді (сайлау мен референдумға қатысу, паспортты ресімдеу, азаматтық хал актісін жазу және т.б.) және барған мемлекетте соғыс, жаппай тәртіпсіздіктер, табиғи апаттар болған жағдайда сізді басқа жерге көшіру жеңіл болады.
• Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» заңына сәйкес Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұрып жатқан Қазақстан азаматтары еш дәлелді себептерсіз үш жыл ішінде консулдық тіркеуге тұрмаса Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылуы мүмкін екенін естеріңізге саламыз.
• Егер автокөлікті жалға алып жатсаңыз жол апатына ұшырап қалған жағдайда келген шығынды төлеп, сотқа тартылмау үшін көліктің ақаулары мен майысқан жерлерін алдын ала қарап шығыңыз, сақтандырумен бірге барлық құжаттардың ресімделуін мұқият тексеріңіз.
 
Шет елдердегі кейбір ерекшеліктерді ескерген де маңызды.
Мысалы:
• Әлемнің көп елдерінде қоғамдық орындарда темекі тартуға тыйым салынған немесе темекіні арнайы орындарда тартуға рұқсат етіледі. Мысалы, Бельгия, Дания, Жаңа Зеландия, Ирландия, Исландия, Литва, Норвегия, Финляндия, Швеция сияқты елдерде барлар мен мейрамханаларда темекі тартуға болмайды. Мұндай тыйым Австралияның, АҚШ-тың және Ұлыбританияның кейбір өңірлік округтарында бар.
• Көп елдерде көлікті жүргізгенде ұялы телефонмен сөйлесуге жартылай немесе толық тыйым салынған (кейбір елдерде арнайы «hands – free» құралын қолданғанда рұқсат етіледі). Оның ішінде Австралия, АҚШ (кейбір штаттар), Бельгия, Болгария, Германия, Испания, Италия, Малайзия, Сингапур, Түркия, Франция, Швейцария және басқа елдер бар.
• Ауа райы ыстық елдерге барғанда санитарлық-гигиеналық шараларды сақтау керек. Жеміс-жидек пен көкөністі жақсылап жуып, тек фабрикаларда жасап шығарған су мен сусындарды ішу керек және көпшілік орындарда су мен жаңа сыққан жемістің шырынын, жаңа піскен жемісжидек пен көкөністерден жасаған салаттарды, тағамдық мұзды пайдаланбаған жөн.
• Көп елде сол жақпен жүру жол ережесі қабылданған. Бұларға Австралия, Жаңа Зеландия, Жапония, Ирландия, Индонезия, Кения, Кипр, Малайзия, Мальта, Пәкістан, Тайланд, Танзания, Үндістан, Ұлыбритания, Шри-Ланка, Ямайка және басқа елдер жатады.
• АҚШ-та ер адамдар мен әйел адамдар арасында теңдік қағидаты сақталады, әйелдерге дөрекілік танытса немесе оларға жай ғана қырындаған үшін (сізге солай көрінгенмен) сотқа беруі мүмкін.
• Австрияда, Германияда, Нидерландыда, Швейцарияда заңдар мен тәртіптерді қатаң сақтайды. Жол жүру ережесін бұзған кезде неміс азаматтарының полицияға жасырын телефон шалуы жиі кездеседі. Тыйым салынған жерлерге көлікті қойғаныңыз үшін айыппұл төлетеді немесе оны эвакуатормен алып кетуі мүмкін.
• Тарихы мен мәдениеті бай Қытай елінде жергілікті салт-дәстүрлерді құрметтеу керек екенін ұмытпаңыз.
Қытайлар «жоқ» деп айтқанды ұнатпайды, сондықтан тура жауап бермеу үшін абайлап сөйлейді. Бұл басқа елдің өкіліне түсініксіз болуы мүмкін.
Арқадан қағуға, қолды ербеңдетуге, жұдырықпен екінші қолдың алақанын ұруға болмайды, өйткені мұның барлығы өрескел деп саналады.
• Үндістанда үнділер қонақтармен қолды қысып амандасудың орнына «намасте» (немесе «намаскар») жасап, кеудесіне екі қолын айқастырып қойып, қарсы алады. Бірақ, осыдан кейін қолыңызды алуы мүмкін.
Үнді әріптесіңізге сыйлық таңдағанда сиыр терісінен жасалған бұйымдарды алмаңыз, себебі, Үндістанда сиыр киелі жануар.
Әңгімелесу барысында үнділер басын көп шайқайды, мұны теріске шығару емес, қуаттау, қанағаттану деп түсінген жөн. Әңгімелескен кезде аяқты айқастырып отыру, әңгімелесушіні сыйламағандық болады.
• Тайландта буддизм мен оның дәстүрлерін құрметтеу керек. Ғибадатханға немесе тайлардың үйіне кірерде аяқ киімді шешу қажет. Тайлар аяқ киімін қай жерде шешсе, сол жердің бәрінде тура осылай істеу керек.
Король мен оның отбасы жайлы айтқанда байқау керек. Бұлар тайлардың қатты қадірлейтін адамдары, сондықтан тайлар олар туралы кез-келген менсінбей айтқан сөзді немесе жасаған қылықты өзін қорлағанмен бірдей қабылдайды.
• Түркия зайырлы мемлекет болғанмен бұл елде Құранның ережелерін орындауға қатты көңіл бөледі. Қасиетті Рамазан айында көпшілік орындарда тамақ жеп, сусын ішпеген, темекі шегіп, сағыз шайнамаған жөн. Туристік аймақтардан тыс жерлерде шолақ шалбар мен іш көйлек киіп жүрмеген дұрыс.
 
Мұсылман елдерге барған кезде мынаны білген маңызды:
• Мұсылман елдердің өкілдерімен кездесу, танысу қол ұсынудан басталады. Әйелдер ерлерге иіліп сәлем береді.
• Сыртқы киімге ерекше көңіл бөлген жөн. Әйел адамның киімі кең әрі қарапайым болуы керек. Мысалы, Иран мен Сауд Арабиясында әйелдерге бас орамалсыз және ашық киіммен көшеге шығуға тыйым салынады.
• Шариғат заңдары қатал және міндетті түрде орындалады, әсіресе, мейрамдар кезінде. Рамазан айында көпшілік орындарда темекі тартып, тамақ пен сусын ішпеу керек.
• Спирттік ішімдіктерді кейбір қонақ үйлердің барлары мен мейрамханаларында ғана сатады. Көшеде мас күйде жүрген үшін немесе көлік жүргізген үшін айыппұл салады, қамайды немесе елден шығарып жібереді. Жергілікті адамдарға сыйлық немесе кәдесый ретінде спирттік ішімдіктерді беруге болмайды.
• Мұсылманның үйіне аяқ-киіммен кіруге болмайды. Үй иесі аяқ киіммен кірсе ғана рұқсат етіледі.
• Қонаққа барғанда дәмнен бас тартпаған дұрыс, өйткені ол үй иесін жақтырмағандық немесе сыйламағандық деп қабылдануы мүмкін. Мұсылмандар өздерінің ежелгі қонақжайлық дәстүрлерін мақтан тұтып, оны қатты қадірлейді.
• Сауд Арабиясында мұсылман емес шет елдің азаматтарына қасиетті Мекке мен Медина қалаларына баруға болмайды.
• Осымен бірге, намаз оқып жатқан адамдардың арасымен жүруге болмайды. Мемлекеттік мекемелерді, шейхтардың сарайларын, әскери нысандар мен құрылыстарды фотоға түсіруге болмайды.
• Жергілікті әйелдермен (жұмыстан тыс) араласу жәбірлеу деп саналып, ол үшін айыппұл салады. Әйел адамды фотоға түсіруге, оның артынан жүруге, алдыға өткізіп жіберуге болмайды. Ер адамдарды олардың рұқсатын алып барып қана фотоға түсіруге болады.
 
5.2. Қазақстан Республикасының уақытша жабық аумағына шетелдіктердің келуі
Қазақстан Республикасының шетелдіктердің баруы үшін уақытша жабық аумағына шетелдіктердің келуіне:
1) Қазақстан Республикасына қазақстандық қабылдаушы ұйымдардың шақырулары бойынша, сондай-ақ шетелдік дипломатиялық өкілдіктер, консулдық мекемелер мен халықаралық ұйымдардың өкілдіктері желісі арқылы келгендерге осы ұйымдардың жазбаша өтініштерінің негізінде;
2) жеке істері бойынша келгендерге, сондай-ақ Қазақстан Республикасында тұрақты тұратындарға олардың жеке өтініштерінің негізінде рұқсат етіледі.
Қазақстан Республикасына қабылдаушы ұйымдардың желісі және жеке істері бойынша келгендерге Қазақстан Республикасының шетелдіктердің болуы үшін уақытша жабық аумағына баруға рұқсат (рұқсат қағазы) жазбаша өтініштер келіп түскен сәттен бастап күнтізбелік 20 күн ішінде осы аудандарда болу мерзімдері көрсетіле отырып беріледі. Құжат арқылы расталған жедел жағдайларда (туысқандарының өлімі, ауыр науқасы) рұқсаттар одан әрі ұлттық қауіпсіздік органдарына хабарлана отырып, дереу беріледі.
Жеке немесе қызметтiк автокөлiкпен жүретін, сондай-ақ халықаралық автомобиль тасымалдауларын жүзеге асыратын шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар шетелдіктердің болуы үшiн ашық аумақта автомобиль жолдарымен еркiн жүре алады. Олардың шетелдiктердiң болуы үшiн жабық аумақтан өтетiн автокөлiк жолдары арқылы жүріп-өтуi ұлттық қауiпсiздiк органдарының келiсiмi бойынша iшкi iстер органдарының рұқсатымен жүзеге асырылады.
Рұқсат бiр адамға берiледi. Ата-аналарымен немесе оларға ілесіп жүретін адамдармен жабық аумаққа шығатын 16 жасқа дейiнгi балалар туралы мәлiметтер сол адамдардың рұқсат қағаздарына жазылады.
Жабық аумаққа кіретін адамдарбаратын жеріне келгеннен кейiн үш күндiк мерзiмде iшкi iстер органына немесе жергiлiктi билік органдарында тiркелуге мiндеттi.
Жабық аумаққа кіруе рұқсат пен рұқсат қағазы белгiлi бiр елдi мекенге берiледi. Тиiстi өтiнiш хат болған жағдайда олар жабық аумақтың бiрнеше елдi мекенiне кіру үшiн берiледі.
Егер жабық аумаққа баратын көшіп-келушілер жолда кешігіп, олардың рұқсат қағаздарының мерзiмi өтіп кеткен жағдайда, осындай адамдар өтiнiш білдіретін iшкi iстер органдары ұсынылған құжаттарды тексерген соң олардың әрекет ету мерзiмiн ұзартады. Бұл туралы елтаңбалық мөр қойылып, рұқсат қағазының артқы бетiне жазба жасалады.
Азаматтар жоғалтып алған рұқсат қағаздарының орнына оларды тиiстi iшкi iстер органы бергенi расталғаннан кейiн жаңасы берiледi.
Жабық аумаққа кіретін көшіп-келушілер ішкі істе органдарының және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің есептері бойынша тексерiледi.
Жабық аумаққа өз бетiмен, сондай-ақ ата-аналарымен немесе оларға ілесіп жүретін адамдармен бiрге баратын, 16 жасқа толмаған балалар жедел есептер бойынша тексерiлмейдi.
Жабық аумаққа келуге рұқсаттар мен рұқсат қағаздар беру немесе беруден бас тарту, сондай-ақ рұқсаттың әрекет ету мерзiмiн ұзарту туралы шешiмдi тексеру материалдарының негiзiнде ІІД Көші-қон полициясы басқармасының бастықтары, iшкi iстер органдарының бастықтары немесе олардың орынбасарлары қабылдайды.
Рұқсат беруден бас тарту туралы шешiм қабылданған жағдайда азаматтарға ол туралы хабарланады.
Рұқсат алу үшін көшіп-келушілер iшкi iстер органдарына өздерi келедi. Оларға рұқсат жабық аумаққа кiруге берiлген рұқсат пен рұқсат қағаздарын есепке алу кiтабына (5-қосымша) қол қоя отырып, жеке басын куәландыратын құжаттарын тексергеннен кейiн берiледi.
Рұқсатты беру кезiнде оларды ресімдейтін ішкі істер органдарының қызметкерлерi рұқсаттың артқы бетінде жазылған ережелермен таныстырады. уға және онда қолдарын қоюды ұсынады. Алушы ережелермен танысу фактін рұқсаттың артқы бетіне өз қолын қою арқылы растайды.
Рұқсаттар күлгiн, қара, көк сиялармен (пастамен) толтырылады немесе жазу машиналарында басылады, ІІД, ҚАІІБ(б) көші-қон полициясы бөліністерінің бастықтары қол қояды.
Қол қойылған рұқсаттар елтаңбалы мөрмен бекітіледі.
Рұқсаттар ұқыпты, анық, жазуларын қысқартпай, түзетулерсiз толтырылуы керек, бұл ретте: 
а) «Келу» деген жолда нақты келген уақыты мен елді мекеннің атауы көрсетiледi;
в) «онымен бiрге 16 жасқа толмаған балалары» деген жолда, егер олар ата-анасымен бiрге болмаса, «жоқ» деп көрсетiледi. 
г) «Құжатын көрсеткенде жарамды» деген жолда жеке басты куәландыратын құжаттар (көшіп-келушінің жеке басын куәландыратын құжат,  туу туралы куәлiк) көрсетiледi; 
д) «Рұқсаттың жарамдылық мерзiмi» деген жолда жабық аумақта уақытша болу үшiн қажеттi мерзiм көрсетiледi.
Жабық аумаққа келген көшіп-келушілер рұқсатта көрсетiлген елдi мекендер мен аудандар шегiнде ғана тұруға құқылы.

2016-07-11 09:52:58

Сондай-ақ оқыңыз