Ақсу қаласының әкімдігі

АҚСУ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ САЙТЫ

Біздің телефон 8 (71837) 50187
WHATSAPP+7 (747) 912-63-16
Загрузка...

Сұрақ

Сіз электрондық үкімет порталында электрондық қызмет алдыңыз ба?

Сұрақтар мұрағаты

Босқын мәртебесі туралы

Босқын мәртебесі туралы

4.1. Босқын мәртебесі
 
Қазақстан Республикасының аумағында пана іздеген адамдардың және босқындардың құқықтық жағдайын «Босқындар туралы» Қазақстан Республикасы Заңы анықтайды. 
 
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) босқын – нәсілдік, ұлттық, діни сенім, азаматтық белгісі, белгілі бір әлеуметтік топқа жататындығы немесе саяси нанымы бойынша қудалаудың құрбаны болу қаупінің негізділігінен өзі азаматы болып табылатын елден тыс жерде жүрген және өз елінің қорғауын пайдалана алмайтын немесе осындай қауіп салдарынан мұндай қорғауды пайдаланғысы келмейтін шетелдік немесе осындай қауіп салдарынан еліне қайта орала алмайтын немесе қайта оралғысы келмейтін, өзі тұрақты тұратын немесе өзі азаматы болып табылатын елден тыс жерде жүрген азаматтығы жоқ адам; 
2) босқын куәлігі – босқынның жеке басын куәландыратын және  мәртебесін растайтын, уәкілетті орган беретін құжат;
3) жол жүру құжаты – босқын мәртебесі берілген адамға Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерлерде жүріп-тұруы үшін берілетін құжат;
4) қауіпсіз үшінші ел – пана іздеген адам Қазақстан Республикасына келгенге дейін уақытша болған және оған қорғану мен босқын мәртебесін анықтаудың тиімді тетіктеріне қол жеткізе алатын немесе қол жеткізген ел;
5) пана – пана іздеген адамдарға босқын мәртебесін беру жолымен Қазақстан Республикасының аумағында қорғау ұсынылуы;
6) пана іздеген адам - уәкілетті орган босқын мәртебесін беру туралы өздерінің өтінішхаты бойынша түпкілікті шешім қабылдағанға дейін Қазақстан Республикасында пана сұрауға тілек білдірген шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам;
7) пана іздеген адамның куәлігі – босқын мәртебесін беру туралы өтінішхаттың тіркелуін растайтын, уәкілетті орган беретін құжат;
8) уәкілетті орган – босқындар мәселелері бойынша қатынастарды реттеу саласында басқаруды жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
9) шыққан елі – шетелдіктің өзі азаматы болып табылатын елі немесе азаматтығы жоқ адамның тұрақты тұратын елі.
 
2-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
1. Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында пана іздеген адамдардың және босқындардың құқықтық жағдайы саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді. 
2. Осы Заңның күші Қазақстан Республикасының аумағында саяси пана берумен байланысты қатынастарға, сондай-ақ өзі азаматы болып табылатын елден немесе тұрғылықты тұратын елінен экономикалық себептерге байланысты кеткен адамдарға қолданылмайды.
3-бап. Қазақстан Республикасының босқындар туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының босқындар туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгендегіден өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
 
4-бап. Босқындар мәселелері жөніндегі мемлекеттік саясаттың негізгі принциптері
Мыналар:
1) пана іздеген адамдарды және босқындарды осы Заңда белгіленген тәртіпке сәйкес пана алу құқығымен қамтамасыз ету;
2) босқын мәртебесін беру жөніндегі рәсімдерді жүргізу кезінде  әлеуметтік тегіне, нәсіліне, ұлтына, азаматтығына, діни сеніміне және саяси нанымына байланысты кемсітушілікке жол бермеу;
3) пана іздеген адамдар мен босқындардың жеке өмірі туралы ақпараттың құпиялылығын сақтау;
4) пана іздеген адамдардың және босқындардың ажырап қалған отбасыларының қосылуына жәрдемдесу; 
5) Қазақстан Республикасының бала құқықтары туралы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасында жүрген босқын балалардың құқықтарын қорғау;
6) осы Заңның 18-бабы 2-тармағының екінші бөлігінде көзделген негіздер болған кезде пана іздеген адамдарды және босқындарды елден шығарып жіберуді болғызбау босқындар мәселелері жөніндегі мемлекеттік саясаттың негізгі принциптері болып табылады.
 
5-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) босқындар мәселелері бойынша мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;
2) өз құзыреті шегінде босқындар мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерді қабылдайды;
3) босқын мәртебесін беру, ұзарту, одан айыру және тоқтату тәртібін айқындайды;
4) пана іздеген адамдар жаппай ағылып келген кезде уақытша қоныстандыру пункттерін айқындайды және осы мәселелер  бойынша шешім қабылдайды;
5) Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
 
6-бап. Уәкілетті органның құзыреті
Уәкілетті орган:
1) босқындар мәселелері бойынша мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) өз құзыреті шегінде босқындар мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді, бекітеді;
3) босқындар мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
4) босқындар мәселелері жөніндегі бағдарламалық құжаттар мен нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және іске асырады;
5) босқындар мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіреді;
6) Қазақстан Республикасының босқындар туралы заңнамасының сақталуына бақылауды жүзеге асырады;
7) босқын мәртебесін беру туралы өтінішхатты, пана іздеген адамның куәлігі мен пана іздеген адамды және босқынды тіркеу үшін ішкі істер органдарына жолдаманың үлгілерін тіркеу мен қараудың тәртібін бекітеді;
8) өз құзыреті шегінде босқын деп танылған адамға шыққан елінде тұратын туыстары туралы ақпарат алуға жәрдемдеседі;
9) пана іздеген адамның куәлігін береді;
10) босқын мәртебесін беру, ұзарту, одан айыру және тоқтату рәсімдерін жүзеге асырады;
11) босқын куәлігінің және жол жүру құжатының үлгілерін бекітеді және оларды беруді жүзеге асырады;
12) пана іздеген адамдардың және босқындардың тізімін қалыптастырады және ай сайын ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарына жібереді;
13) босқын мәртебесін беру, ұзарту, одан айыру және тоқтату рәсімдерін жүзеге асыру жөніндегі комиссия туралы ережені әзірлейді және бекітеді, сондай-ақ көрсетілген комиссияны құрады;
14) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Президентінің және Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
 
7-бап. Өзге де мемлекеттік органдардың  құзыреті
1. Сыртқы саясат қызметін жүзеге асыратын уәкілетті орган:
1) босқындар мәселелері бойынша шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен қатынастарда Қазақстан Республикасының атынан өкілдік етеді;
2) босқындар мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының халықаралық саясаты стратегиясын іске асырады;
3) заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Президентіне, Парламентіне және Үкіметіне босқындар мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының шет мемлекеттермен жәнехалықаралық ұйымдармен қатынасы мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдарды табыс етеді;
4) Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдардың қызметіне, босқындар мәселелері бойынша конференцияларға, кеңестерге, форумдарға және босқындардың құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық акцияларға қатысуын қамтамасыз етеді;
5) өз құзыреті шегінде босқын деп танылған адамға шыққан елінде тұратын туыстары туралы ақпарат алуға жәрдемдеседі;
6) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Президентінің және Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
2. Ішкі істер органдары:
1) өз құзыреті шегінде босқындар мәселелері бойынша мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) пана іздеген адамдардың және босқындардың құқықтары сақталуын қамтамасыз етеді;
3)  пана іздеген адамдарды және босқындарды тіркеуді жүзеге асырады;
4) ұлттық қауіпсіздік органдарының ұсынуы бойынша табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған, шекара бұзушыларды шекарада іздеген, Қазақстан Республикасының аумағына қарулы басқыншылықпен кіруді немесе шектес мемлекет азаматтарының жаппай өтуін тойтарған кезде пана іздеген адамдардың және босқындардың шекара аймағында (белдеуінде) орналасқан жердегі жекелеген учаскелерге немесе объектілерге жіберілуін уақытша шектейді немесе оған тыйым салады;
5) уәкілетті органның қабылданған шешімдерін не заңды күшіне енген сот шешімдерін орындау үшін пана іздеген адамдарды және босқындарды елден мәжбүрлеп шығарып жіберуді жүзеге асырады;
6) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Президентінің және Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
3. Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттік органдары босқындар мәселелері жөніндегі қатынастар саласында реттеуді осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Президентінің және Үкіметінің актілерінде белгіленген құзыреттері шегінде жүзеге асырады.
 
8-бап. Пана іздеген адамдардың құқықтары мен міндеттері
1. Пана іздеген адамдардың:
1) аудармашының ақысыз қызметтерін алуға және босқын мәртебесін беру туралы,  өз құқықтары мен міндеттері туралы ақпарат алуға;
2) Қазақстан Республикасының консулдық мекемесі арқылы босқын мәртебесін беру туралы өтінішхат беруге;
3) босқын мәртебесін беру туралы өтінішхатты қайтарып алуға;
4) уәкілетті органның босқын мәртебесін беруден бас тарту туралы шешіміне шағым жасауға;
5) шағымдану мерзімдерін қоса алғанда, босқын мәртебесін беру туралы өтінішхат бойынша шешім қабылдау рәсімі аяқталғанға дейінгі мерзімде Қазақстан Республикасында болуға;
6) шыққан еліне өз еркімен қайтуға немесе кез келген үшінші елге қоныс аударуға;
7) Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес медициналық қызметтің көрсетілуіне;
8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес еңбек ету бостандығына немесе кәсіпкерлік қызметке;
9) мүліктік және жеке мүліктік емес игіліктер мен құқықтарын сот арқылы қорғауға құқығы бар.
2. Пана іздеген адамдар:
1) босқын мәртебесін беру туралы шешім қабылдау үшін қажетті дәйекті деректерді хабарлауға;
2) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген мерзімдерде және тәртіппен міндетті медициналық тексеріп-қаралудан өтуге;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға;
4) Қазақстан Республикасының аумағынан кету ниеті туралы уәкілетті органға хабарлауға;
5) Қазақстан Республикасының аумағында тұрғылықты жерін ауыстырған кезде уәкілетті органда есептен және ішкі істер органдарында тіркеуден шығуға және тиісінше жаңа тұрғылықты жеріне келген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде есепке тұруға және тіркелуге міндетті.
3. Пана іздеген адамдардың өзге де құқықтары мен бостандықтары болады, сондай-ақ оларға шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар үшін Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында және халықаралық шарттарында белгіленген барлық міндеттер жүктеледі. 
 
9-бап. Босқындардың  құқықтары мен міндеттері
1. Босқындардың:
1) панаға;
2) шыққан елінде тұратын туыстары туралы тиісті уәкілетті органдардан ақпарат сұратуға;
3) уәкілетті органның босқын мәртебесін ұзартудан бас тарту туралы, одан айыру немесе тоқтату туралы шешіміне шағым жасауға;
4) шыққан еліне өз еркімен қайтуға немесе кез келген үшінші елге қоныс аударуға;
5) Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес медициналық қызмет көрсетілуіне;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес еңбек ету бостандығына немесе кәсіпкерлік қызметке;
7) мүліктік және жеке мүліктік емес игіліктер мен құқықтарын сот арқылы қорғауға;
8) өзімен әкелген, сондай-ақ ол Қазақстан Республикасының аумағында заңды түрде жиған мүлкін қоныстану үшін өзіне құқық берілген басқа елге әкетуге;
9) босқын куәлігін және жол жүру құжатын алуға құқығы бар.
2. Босқындар:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға;
2) Қазақстан Республикасының аумағынан кету ниеті туралы уәкілетті органға хабарлауға;
3) Қазақстан Республикасының аумағындағы тұрғылықты жерінауыстырған кезде уәкілетті органда есептен және ішкі істер органдарында тіркеуден шығуға және жаңа тұрғылықты жеріне келген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде тиісінше есепке тұруға және тіркелуге міндетті.
3. Босқындар мәртебесі бар адамдардың өзге де құқықтары мен бостандықтары болады, сондай-ақ оларға шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар үшін Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында және халықаралық шарттарында белгіленген барлық міндеттер жүктеледі.
 
10-бап. Босқын мәртебесін беру туралы өтінішхатты берудің және тіркеудің тәртібі
1. Қазақстан Республикасының аумағына келісімен күнтізбелік бес күн ішінде пана іздеген немесе ол Қазақстан Республикасының аумағында болуы кезінде нәсілдік, ұлттық, діни сенім, азаматтық белгісі, белгілі бір әлеуметтік топқа жататындығы немесе саяси нанымы бойынша қудалауға ұшырау жағдайларының туындауы туралы  білген кезден бастап, жеке өзі немесе осыған уәкілетті өкіл арқылы өзінің келген жері бойынша босқын мәртебесін беру туралы жазбаша өтінішхатпен уәкілетті органға жүгіне алады.         
2. Егер пана іздеген адам Қазақстан Республикасының аумағына келіп үлгермесе, ол өзі немесе осыған уәкілетті өкіл арқылы босқын мәртебесін беру туралы жазбаша өтінішхатпенҚазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдігіне немесе консулдық мекемесіне жүгіне алады. 
Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдігі немесе консулдық мекемесі босқын мәртебесін беру туралы өтінішхаттыдипломатиялық арналар арқылы уәкілетті органға қарауға береді. 
3. Адам Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен кезде - көші-қон бақылауы пунктіне, ал мұндай пункт болмаған жағдайда шекара қызметінің бөлімшесіне жазбаша өтінішхатбереді.     
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункті болмаған кезде адам Мемлекеттік шекараны мәжбүрлі түрде заңсыз кесіп өткен жағдайда, ол бір тәулік ішінде көші-қон қызметі жөніндегі уәкілетті органға жүгінуге тиіс. 
4. Адамдар Қазақстан Республикасының аумағына заңсыз келгені немесе болғаны үшін ұсталған жағдайларда босқын мәртебесін беру туралы өтінішхатпен жүгінуге ниет білдірсе, құзыретті органдар ұсталған кезден бастап бір күн ішінде уәкілетті органға хабарлайды.
Уәкілетті орган екі күн ішінде олардың Қазақстан Республикасының аумағында болу мән-жайларын анықтайды және босқын мәртебесін беру туралы  өтінішхаттытіркейді.
5. Адаммен бірге келген оның он сегіз жасқа толмаған отбасы мүшелері туралы мәліметтер туу туралы құжаттардың негізінде - ата-анасының бірінің өтінішхатына, ал ата-анасы болмаған кезде, оның заңды өкілдерінің өтінішхатына енгізіледі. 
6. Пана іздеген адамға Қазақстан Республикасында босқын мәртебесін беру туралы өтінішхат тіркелген күні пана іздеген адамның куәлігі және оның өтінішхаты бойынша шешім қабылданғанға дейінгі мерзімге тіркеу үшін ішкі істер органдарына жолдама беріледі.     
Жолдаманы алған адам бес жұмыскүні ішінде ішкі істер органдарында тіркелуге тиіс. 
7. Он сегіз жасқа толмаған отбасы мүшелері туралы мәліметтер пана іздеген адамның, ата-анасының бірінің немесе заңды өкілдерінің куәлігіне енгізіледі. 
Он сегіз жасқа толмаған және Қазақстан Республикасының аумағына ата-анасыз немесе заңды өкілдерінсіз келген пана іздеген адамға пана іздеген адамның куәлігі беріледі.
 
11-бап. Босқын мәртебесін беру
1. Уәкілетті орган босқын мәртебесін беру туралы өтінішхаттіркелген күннен бастап үш ай ішінде босқын мәртебесін беру туралы шешім қабылдайды.  
Шешім қабылдау үшін қосымша тексеру қажет болған жағдайларда түпкілікті шешім шығару бір жылдан аспайтын мерзімге кейінге қалдырылады. 
2. Бір отбасының мүшелері болып табылатын адамдарды босқындар деп тану осы Заңның 1-бабының 1) тармақшасында көзделген жағдайлар ескеріле отырып, он сегіз жасқа толған әрбір отбасы мүшесіне қатысты жүзеге асырылады. 
Осы Заңның 1-бабының 1) тармақшасында көзделген мән-жайлар болмаған жағдайда, отбасының қосылуын қамтамасыз ету мақсатында он сегіз жасқа толған отбасы мүшелерінің біріне қатысты осы отбасы мүшесі де оның келісімі бойынша босқын деп танылады.    
Қазақстан Республикасында босқын мәртебесін алған немесе отбасымен қосылу мақсатында пана сұраған адамның жұбайына (зайыбына) өтінішхат беру кезінде осы баптың, сондай-ақ осы Заңның 10, 12, 13 және 14-баптарының талаптары қолданылады.
Қазақстан Республикасының аумағына Қазақстан Республикасында босқын мәртебесін алған адамнан немесе пана іздеген адамнан кейін келген адамның жұбайы (зайыбы) және кәмелетке толмаған балалары отбасына қосылу мақсатында өтінішхат берген кезде уәкілетті органға олардың отбасылық қатынастарын растайтын  дәлелдемелерді және (немесе) құжаттарды ұсынуға тиіс.
Отбасының бірлігі ажырасу немесе босқынның қайтыс болуы  салдарынан бұзылған кезде оның отбасы мүшелерінің босқын мәртебесі оған босқын мәртебесін беру туралы шешімнің қолданылу мерзімінде сақталады.
 3. Он сегіз жасқа толмаған және Қазақстан Республикасының аумағына ата-анасыз немесе заңды өкілдерінсіз келген адамды босқын деп тану ата-анасы немесе заңды өкілдері туралы мәліметтер алынғаннан кейін осы Заңға сәйкес осы адамның мүдделері ескеріле отырып жүзеге асырылады.  
4. Босқын деп танылған адам балалы болған жағдайда, баланың құқықтық жағдайы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкесайқындалады. 
5. Босқын мәртебесі бір жыл мерзімге беріледі. Босқын мәртебесі берілген адамға шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде уәкілетті орган босқын куәлігін береді. 
Босқынның шыққан елінде оған босқын мәртебесін беруге негіз болған бұрынғы мән-жайлар сақталған кезде босқынның аталған мерзім аяқталғанға дейін бір айда берген өтініші негізінде уәкілетті орган босқын мәртебесі мерзімін бір жылға және әрбір кейінгі жылға ұзартады.   
6. Пана іздеген адамға босқын мәртебесін беруден бас тартылған жағдайда, уәкілетті орган бас тарту туралы шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде пана іздеген  адамға бас тартудың себебін көрсетіп және қабылданған шешімге шағым жасау тәртібі туралы түсіндіріп, шешімнің көшірмесін тапсырады немесе жібереді.
12-бап. Пана іздеген адамға босқын мәртебесін беруден бас тартудың  негіздері
1. Мынадай мән-жайлар: 
1) адамның нәсілдік,  ұлттық,  діни сенім,  азаматтық белгісі, белгілі бір әлеуметтік топқа жататындығы немесе саяси нанымы бойынша қудалаудың құрбаны болуының негізделген қауіпі болмаса;
2) егер адам өзі туралы және Қазақстан Республикасының аумағына келу мән-жайлары туралы хабарлаудан бас тартса не көрінеу жалған мәліметтерді хабарласа, сондай-ақ жалған құжаттарды ұсынса;
3) адамда өзі оның қорғауын пайдалана алатын үшінші мемлекеттің азаматтығы болса;
4) егер адам тікелей қауіпсіз үшінші елдің аумағынан келсе;
5)егер осы адамға қатысты өзі азаматы болып табылатын елде не  келген елінде жұмыс істейтін террористік, экстремистік, сондай-ақ тыйым салынған діни ұйымдардың қызметіне қатысады не қатысты деп топшылауға салмақты негіздер болса;
6) егер осы адам жөнінде бейбітшілікке қарсы қылмысқа, әскери қылмысқа немесе адамзатқа қарсы қылмысқа қатысты шаралар қолдану мақсатында жасалған халықаралық актілерде осы әрекеттерге берілген анықтамадағы осындай қылмыстарды жасады деп топшылауға салмақты негіздер болса;
7) егер осы адамға қатысты Қазақстан Республикасының аумағына ол келгенге дейін одан тысқары жерлерде саяси емес сипаттағы ауыр қылмыс жасады деп топшылауға салмақты негіздер болса;
8) егер   осы   адамға   қатысты   ол   Біріккен   Ұлттар   Ұйымының   және Қазақстан Республикасы мүше болып табылатын халықаралық ұйымдардың мақсаты мен  принциптеріне  қайшы  келетін  әрекеттердің  жасалуына  кінәлі  деген салмақты негіздер болса;
9) егер осы адам Біріккен Ұлттар Ұйымының босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасынан басқа, Біріккен Ұлттар Ұйымы органдарының немесе мекемелерінің қорғауын не көмегін пайдаланса, пана іздеген адамға босқын мәртебесін беруден бас тартудың негіздері болып табылады.
 
13-бап. Адамды босқын мәртебесінен айыру
1. Егер адам:
1) босқын мәртебесін беру үшін негіз болған көрінеу жалған мәліметтерді хабарласа не жалған құжаттарды ұсынса;
2) бейбітшілікке қарсы қылмысқа, әскери қылмысқа немесе адамзатқа қарсы қылмысқа қатысты  шаралар қолдану мақсатында жасалған халықаралық актілерде осы әрекеттерге берілген анықтамадағы осындай қылмысы үшін сотталған болса;
3) Қазақстан Республикасының аумағына келгенге дейін одан тысқары жерлерде жасаған  саяси емес сипаттағы ауыр қылмысы үшін сотталған болса;
4)  Біріккен Ұлттар Ұйымының және Қазақстан Республикасы мүшесі болып табылатын халықаралық ұйымдардың мақсаттары мен принциптеріне қайшы келетін әрекеттер жасағаны үшін сотталған болса;
5) террористік, экстремистік, сондай-ақ тыйым салынған діни ұйымдардың қызметіне қатысқаны үшін сотталған болса, босқын мәртебесінен айырылады.
2. Босқын мәртебесінен айыру туралы шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде уәкілетті орган осы адамға себептерін көрсетіп және қабылданған шешімге шағым жасау тәртібін түсіндіріп, шешімнің көшірмесін тапсырады немесе жібереді.
 
14-бап. Босқын мәртебесін тоқтату
1. Егер адам:
1) Қазақстан Республикасының немесе өзге мемлекеттің азаматтығын алса және өзі азаматы болған мемлекеттің қорғауын пайдаланса;
2) оны босқын деп тануға негіз болған мән-жайлар  өзгергендіктен, бұдан әрі өзі азаматы болып табылатын елдің қорғауын пайдаланудан бас тарта алмайтын болса;
3) өзінің бұрынғы мемлекетінің азаматтығын жоғалта  отырып, оны өз еркімен қайта қабылдаса;
4) өзі азаматы болған бұрынғы мемлекетініңқорғауын өз еркімен қайта пайдаланса;
5) өзіне босқын мәртебесін беру негіздері болмағандықтан, шыққан еліне қайтып оралуға тілек білдірсе;
6) қудалау қаупінің салдарынан тастап шыққан немесе кетіп қалған еліне өз еркімен қайта оралса;
7) Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге тұрақты тұруға кетсе, босқын мәртебесі тоқтатылады.
2. Сондай-ақ босқын мәртебесі ұзартылмаса, оның мерзімі өткен соң тоқтатылады.
 
15-бап. Уәкілетті органның шешіміне шағымдану тәртібі
Уәкілетті органның босқын мәртебесін беруден, ұзартудан бас тарту туралы немесе босқын мәртебесінен айыру туралы шешіміне Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жоғары тұрған уәкілетті органға және (немесе) сотқа шағым жасалуы мүмкін.
 
16-бап. Босқын мәртебесін алуға тілек білдірген балаларды және босқын балаларды қорғау
1. Босқын мәртебесін алуға тілек білдірген балаларға және босқын балаларға ата-аналарынсыз немесе өзге де заңды өкілдерінсіз келгенде де, ата-аналарын немесе отбасының басқа мүшелерін табу мүмкін болмаған жағдайларда да Қазақстан Республикасының бала құқықтары туралы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасында ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған басқа балаларға жасалатындай  қорғау көрсетіледі.
2. Қазақстан Республикасының аумағында ата-аналарынсыз немесе заңды өкілдерінсізжүрген босқын балаларға босқын куәлігі беріледі.
 
17-бап. Қазақстан Республикасының азаматтығын алу
Босқындар Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтығын алады.
 
18-бап. Қайтару және елден шығарып жіберу
1. Пана іздеген адамдар және босқындар уәкілетті органның немесе соттың босқын мәртебесін беруден, ұзартудан бас тарту туралы не босқын мәртебесінен айыру туралы, сондай-ақ оны тоқтату туралы шешімі қабылданған күннен бастап бір ай ішінде өздерінің отбасы мүшелерімен бірге Қазақстан Республикасының аумағын өз еркімен тастап шығуға тиіс.
2. Пана іздеген адамдар және босқындар Қазақстан Республикасының аумағын өз еркімен тастап шығудан бас тартқан жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес және соттың заңды күшіне енген  шешімдерін орындау үшін ішкі істер органдары пана іздеген адамдарды және босқындарды елден мәжбүрлеп шығарып жібереді.
Пана іздеген адамдарды және босқындарды нәсілдік, діни сенім, ұлттық, азаматтық белгісі, белгілі бір әлеуметтік топқа жататындығы немесе саяси нанымы бойынша олардың өміріне немесе бостандығына қауіп төнген елдің шекарасына қайтаруға немесе елден шығарып жіберуге тыйым салынады.
 
19-бап. Қаржылық қамтамасыз ету
Қазақстан Республикасында босқындармен байланысты шығыстарды қаржыландыру бюджет қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады.
 
20-бап. Қазақстан Республикасының босқындар туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының босқындар туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
Қазақстан Республикасының ратификацияланған халықаралық шарттарда белгіленген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында қылмыстар, әкімшілік немесе өзге де құқық бұзушылықтар жасаған босқындар және пана іздеген адамдар Қазақстан Республикасының азаматтарымен ортақ негiздерде жауаптылықта болады.
 
21-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
 
Босқын мәртебесін беру, ұзарту, одан айыру және оны тоқтату ережесі
(Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 9 наурыздағы
№ 183 Қаулысымен бекітілген)
 
1. Жалпы ережелер
1. Осы Босқын мәртебесін беру, ұзарту, одан айыру және оны тоқтату ережесі (бұдан әрі - Ереже) «Босқындар туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 желтоқсандағы Заңына (бұдан әрі - «Босқындар туралы» Заң) сәйкес әзірленді және босқын мәртебесін беру, ұзарту, одан айыру және оны тоқтату тәртібін айқындайды.
2. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
пана іздеген адам - уәкілетті орган босқын мәртебесін беру туралы өздерінің өтінішхаты бойынша түпкілікті шешім қабылдағанға дейін Қазақстан Республикасында пана сұрауға тілек білдірген шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам;
пана іздеген адамның куәлігі - босқын мәртебесін беру туралы өтінішхаттың тіркелуін растайтын уәкілетті орган беретін құжат;
босқын куәлігі - босқынның жеке басын куәландыратын және мәртебесін растайтын, уәкілетті орган беретін құжат;
жол жүру құжаты - босқын мәртебесі берілген адамға Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерлерде жүріп-тұруы үшін берілетін құжат;
уәкілетті орган - босқындар мәселелері бойынша қатынастарды реттеу саласында басқаруды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы.
 
2. Босқын мәртебесін беру және ұзарту тәртібі
3. Босқын мәртебесін беру туралы шешімді уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі босқын мәртебесін беру, ұзарту, одан айыру және оны тоқтату рәсімдерін жүзеге асыру жөніндегі комиссияның ұсынуы бойынша босқын мәртебесі берілгені туралы өтінішхат тіркелген күннен бастап үш айдың ішінде қабылдайды.
Шешім қабылдау үшін қосымша тексеру қажет болған жағдайларда, түпкілікті шешім шығару бір жылдан аспайтын мерзімге кейінге қалдырылады, бұл туралы пана іздеп жүрген адам, тиісті шешім қабылданған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде хабардар етіледі.
4. Босқын деп тану туралы шешім бес жұмыс күні ішінде тапсырылады немесе шешім қабылданған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде адамға уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі жолдайды.
5. Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде жүрген адамды босқын деп тану туралы шешімді, уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі екі жұмыс күнінің ішінде уәкілетті органға жібереді және көрсетілген шешім одан әрі осы адамдардың Қазақстан Республикасының аумағына келу құжаттарын ресімдеу мақсатында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі арқылы өтінішхат берілген жердегі Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдігіне немесе консулдық мекемесіне жіберіледі.
6. Уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі босқын мәртебесі берілген адамға шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде босқын куәлігін береді.
Босқын деп танылған адам отбасының он сегіз жасқа толмаған мүшелері туралы мәліметтер ата-анасының біреуінің, ата-анасы болмаған кезде заңды өкілінің не отбасының он сегіз жасқа толған және отбасының он сегіз жасқа толмаған мүшелерінің мінез-құлқына, тәрбиесіне және оларды асырауға өз еркімен жауапкершілік алған бір мүшесінің босқын куәлігіне жазылады. Кейіннен уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі көрсетілген адамдардың он сегіз жасқа толуына қарай, еркін нысанда жазылған өздерінің жазбаша өтініші негізінде оларға босқын куәлігін береді.
Он сегіз жасқа толмаған және Қазақстан Республикасының аумағына ата-анасынсыз немесе заңды өкілдерінсіз келген адамға да босқын куәлігі тапсырылады.
Босқын куәлігі Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жарамды болады.
7. Егер адам өзін босқын деп тану туралы шешімнің көшірмесі жіберілгеннен кейін үш айдың ішінде уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне босқын куәлігін алуға келмесе және бұл адамның көрсетілген мекен-жайда тұрмайтыны туралы хабарлама келіп түссе немесе осы адамның Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерге кеткені туралы ішкі істер органдарынан ақпарат не адамның Қазақстан Республикасынан тысқары екендігін растайтын басқа бір шынайы ақпарат алынса, уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі өзінің босқын мәртебесін беру туралы шешімінің күшін жояды.
8. Босқын деп танылған адам босқын куәлігін алған кезде уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі босқынның бұрынғы берілген пана іздеуші адамның куәлігін алып, оны босқынның жеке ісіне қосады.
Босқын куәлігін алған кезде босқын деп танылған адамның ұлттық (азаматтық) паспорты және (немесе) оның жеке басын куәландыратын басқа да құжаттары осы адамның босқын деп танылу мерзіміне уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінде сақтауға қалдырылады.
9. Босқын куәлігі ішкі істер органдарының көші-қон полициясы бөлімшесінде уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі беретін жолдаманың негізінде осы адамның босқын деп танылу мерзіміне тіркеледі.
Босқынның Қазақстан Республикасының аумағындағы тұрғылықты жері өзгерген кезде оның жеке ісінің материалдарды босқынның жаңа тіркелу орны бойынша уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне жіберіледі.
10. Егер Қазақстан Республикасынан тыс жүрген, пана іздеген адамға босқын мәртебесін беруден бас тартылған жағдайда уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі бас тарту туралы шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде бұл шешімді уәкілетті органға жібереді және көрсетілген шешім одан әрі Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі арқылы өтінішхаттың берілген жері бойынша Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдігіне немесе консулдық мекемесіне екі жұмыс күні ішінде жолданады. Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдігі немесе консулдық мекемесі бас тарту туралы шешімді алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде бас тарту себебі мен қабылданған шешімге шағымдану тәртібін көрсете отырып, осы адамға шешімнің көшірмесін тапсырады немесе жібереді.
Қазақстан Республикасының аумағында жүрген пана іздеген адамға босқын мәртебесін беруден бас тартылған жағдайда уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі бас тарту туралы шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде бас тартудың себебі мен қабылданған шешімге шағымдану тәртібін көрсете отырып, осы адамға шешімнің көшірмесін оның тұрғылықты жері бойынша тапсырады немесе жібереді, сондай-ақ қабылданған шешімнің көшірмесін ұсына отырып, ішкі істер органдарының көші-қон полициясының бөлімшесін хабардар етеді.
11. Босқын мәртебесін беруден бас тарту туралы шешімге сотқа және (немесе) уәкілетті органға шағымданған кезде уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі пана іздеген адамның куәлігінің қолданылу мерзімін шағымның қаралу кезеңіне ұзартады. Пана іздеген адам шағымды қанағаттандырудан бас тарту туралы сот қаулысын алған жағдайда пана іздеген адамның куәлігі уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне тапсырылуға тиіс.
12. Босқын мәртебесі бір жыл мерзімге беріледі. Босқын шыққан елінде «Босқындар туралы» Заңның 1-бабының 1) тармақшасында көзделген мән-жайлар сақталған кезде уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі босқын мәртебесін бір жылға және көрсетілген мерзім аяқталғанға дейін бір ай бұрын берілген босқынның өтініші негізінде әрбір келесі жылға ұзартады.
Мерзімді ұзарту кезінде уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі босқынның босқын куәлігінің, тұруға ықтиярхатының (болған жағдайда), жол жүру құжатының болуын тексереді, отбасылық жағдайының, отбасы құрамының, тұратын мекен-жайының өзгеруі туралы деректерді нақтылайды және бұл өзгерістерді босқынның жеке ісіне енгізеді.
13. Босқын мәртебесін ұзартудан бас тартылған жағдайда, уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі үш жұмыс күнінің ішінде ішкі істер органдарының көші-қон полициясы бөлімшесін қабылданған шешімнің көшірмесін ұсына отырып хабардар етеді, сондай-ақ босқын мәртебесін ұзартудан бас тартылған адамға қабылданған шешім мен босқын куәлігін жарамсыз деп тану туралы хабарламаны тапсырады немесе жібереді.
 
3. Босқын мәртебесінен айыру және оны тоқтату
14. Егер адам:
1) босқын мәртебесі берілуі үшін негіз болған көрінеу жалған мәліметтерді хабарласа не жалған құжаттарды ұсынса;
2) бейбітшілікке қарсы қылмысқа, әскери қылмысқа немесе адам затқа қарсы қылмысқа қатысты шаралар қолдану мақсатында жасалған халықаралық актілерде осы әрекеттерге берілген анықтамадағы осындай қылмысы үшін сотталған болса;
3) Қазақстан Республикасының аумағына келгенге дейін оның шегінен тысқары жерлерде жасаған саяси емес сипаттағы ауыр қылмысы үшін сотталған болса;
4) Біріккен Ұлттар Ұйымының және Қазақстан мүшесі болып табылатын халықаралық ұйымдардың мақсаттары мен принциптеріне қайшы келетін әрекеттер жасағаны үшін сотталған болса;
5) террористік, экстремистік, сондай-ақ тыйым салынған діни ұйымдардың қызметіне қатысқаны үшін сотталған болса, ол уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің тиісті шешімінің негізінде босқын мәртебесінен айырылады.
15. Уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі босқын мәртебесінен айыру туралы шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде осы адамға осы шешімнің себебі көрсетілген және қабылданған шешімге шағымданудың тәртібі түсіндірілген шешімнің көшірмесін тапсырады немесе жібереді, сондай-ақ ішкі істер органдарының көші-қон полициясы бөлімшесін қабылданған шешімнің көшірмесін ұсына отырып хабардар етеді.
16. Босқын мәртебесі қолданылу мерзімі өткен кезде, оны ұзарту болмаса, сондай-ақ, егер адам:
1) Қазақстан Республикасының немесе өзге мемлекеттің азаматтығын алса және өзі азаматы болған мемлекеттің қорғауын пайдаланса;
2) өзінің босқын деп тануға негіз болған мән-жайлар өзгергендіктен, бұдан әрі өзі азаматы болып табылатын елдің қорғауын пайдаланудан бас тарта алмайтын болса;
3) өзінің бұрынғы мемлекетінің жоғалтқан азаматтығын өз еркімен қайта қабылдаса;
4) өзі азаматы болған елдің қорғауын өз еркімен қайта пайдаланса;
5) өзіне босқын мәртебесін беру негіздері болмағандықтан, шыққан еліне қайтып оралуға тілек білдірсе;
6) қудалау қаупінің салдарынан тастап шыққан немесе кетіп қалған еліне өз еркімен қайта оралса;
7) Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге тұрақты тұруға кетсе, осы негіздемелер бойынша босқын мәртебесі тоқтатылады.
17. Адамның босқын мәртебесі тоқтатылған кезде уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі босқын мәртебесінің тоқтатылу себебі мен оның басталу мерзімін көрсете отырып, босқынның жеке ісіне белгі қояды, сондай-ақ бұл туралы ішкі істер органдарының көші-қон полициясы бөлімшесін және Қазақстан Республикасының аумағында болған жағдайда мәртебесі тоқтатылған адамды хабардар етеді.
Осы Ереженің 16-тармағында айтылған мән-жайлардың туындауы, атап айтқанда:
1) 1), 3) тармақшалар бойынша - тиісті азаматтық алған күні;
2) 2) тармақша бойынша - өзі азаматы болып табылатын елдегі, солардың негізінде өзі босқын деп танылған мән-жайлардың өзгергені туралы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесін хабардар еткен күні;
3) 4), 6) тармақшалар бойынша - өзі азаматы болып табылатын елге ерікті қайта оралған күні;
4) 5) тармақша бойынша - босқынның өзінің шыққан еліне қайту ниеті туралы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесін хабардар еткен күні;
5) 7) тармақша бойынша - Қазақстан Республикасынан тысқары тұрақты тұруға кеткен күні;
6) ұзартуға келмеген кезде - құжаттарды ұсынған кезде дәлелді себепті жағдайларды қоспағанда, босқын мәртебесінің мерзімі өткеннен кейінгі оныншы күн босқын мәртебесі тоқтатылуының туындау сәті болып табылады.
 
4. Қорытынды ережелер
18. Босқын куәлігі жоғалған жағдайда куәліктің иесі уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне оның жоғалуы және телнұсқа беру туралы өтініш береді. Уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі өтініш берілген күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей босқынға босқын куәлігінің телнұсқасын береді, онда «Телнұсқа» белгісі қойылады.
19. Уәкілетті органның босқын мәртебесін беруден, ұзартудан бас тарту немесе босқын мәртебесінен айыру туралы шешіміне жоғары тұрған уәкілетті органға және (немесе) сотқа Қазақстан Республикасы заңдарында белгіленген тәртіппен шағымдануға болады.
20. Пана іздеген және босқын мәртебесін беруден бас тартылған адамдар мен олардың отбасы мүшелерінің, сондай-ақ босқын мәртебесін жоғалтқан немесе босқын мәртебесінен айрылған адамдардың Қазақстан Республикасының аумағында болу уақыты шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға қатысты Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен реттеледі.
21. Уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі босқын мәртебесін беру, оны ұзарту, одан айыру және оны тоқтату туралы не босқын мәртебесін беруден бас тарту туралы ақпаратты осы Ережеге қосымшаға сәйкес нысан бойынша журналға енгізеді.

2016-07-11 09:48:14

Сондай-ақ оқыңыз