Ақсу қаласының әкімдігі

АҚСУ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ САЙТЫ

Біздің телефон 8 (71837) 50187
WHATSAPP+7 (747) 912-63-16
Загрузка...

Тілім – тірегім, жерім – тұғырым !

Тіл – қай ұлтта, қай елде болса да қастерлі, құдіретті. Ол əрбір адамға ана сүтімен бірге еніп қалыптасады. Тіл байлығы – əрбір елдің ұлттық мақтанышы. Ол атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра екендігі белгілі. Тіл – ұлттың жаны, рухы, оның бет-бейнесі, өткені мен бүгіні жəне болашағы. Ғұлама ғалым А.Байтұрсынұлы: «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады»,– деп тілдің ұлт үшін қандай маңызды екенін бір-ақ ауыз сөзге сыйдырған. Себебі, тіл – халықтың жаны, сəні, тұтастай кескін-келбеті, ұлттық болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін – ана тілі мен ата дəстүрі. Біздің осындай халықтық қасиетті мұрамыз, ана тіліміз – қазақ тілі. Ана тілі – халық боп жасағаннан бері жан дүниеміздің айнасы, өсіп өніп түрлене беретін, мəңгі құламайтын бəйтерегі, – деп Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, елін, жерін сүйген əрбір азаматтың көкірегінде ана тіліне деген сүйіспеншілігі мен мақтаныш сезімі болуы керек. Демек, əр халықтың өзінің ана тілі бар.

       Тіл – жеке адам ойлап тапқан туынды емес, ол – барша ұлтқа ортақ, соның төл перзенті. Сол халықтың мəдени əлеуметтік өмірінде өзіндік мəні бар киелі ұғым. Тіл – атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра.

     Тіл – еліміздің іргетасы, «Ұлттың қуаты тілінде», «Тіл – өлшеусіз қазына, өрісі кең əлем», «Тіл – асыл ойдың бұлағы», «Тіл – құдірет», «Тіл – тəуелсіздік тұғыры», «Тіл – ұлттың жан дүниесі» дегендей, тілдің адам өмірі үшін мəні айрықша. Олай болса, тіл құдіреті – ерекше. Оның бітпесті бітіретін, жетпесті жеткізетін, үзілгенді жалғайтын мүмкіндігі бар. Бір ауыз сөз опық жегізіп, өмір бойы өзегіңді өртесе, бір ауыз орынды айтылған сөз жадында жатталып, бақытқа жеткізеді.

     Тіл – ұлттың жан дүниесі. Қазіргі таңда Елбасымыз үш тілді білуді міндеттеп отыр. Болашақта бұл үлкен мəселе болмақ. Олай болса, егер адам өзге тілді білетін болса, ол – рухани бай адам.  Өйткені сол тіл арқылы басқа халықтың мəдениетін, дəстүрін үйренеді, басқа тілді үйрену арқылы танымы кеңейеді. Дегенмен, «өзге тілдің бəрін біл, өз тіліңді құрметте» деп ақын Қ.Мырзалиев айтқандай, басқа тілді біле отырып, ең алдымен өз ана тілімізді құрметтеуіміз қажет. Жоғарыда айтып кеткендей, тіл – ұлттың жаны. Ал ұлттың болашағы – оның ана тілі. Тіл – халықпен бірге өмір сүріп дамиды, əр ұлттың тілі – оның бақыты мен тірегі.

       Ел басы Н.Ə. Назарбаев халықтың болашағы туралы тереңнен толғай отырып, «мемлекеттің ең басты дүниесі тек қана байлық емес, сонымен қатар ана тіліміздің болашағы» деген болатын.

     Қорыта келгенде, тіл тағдыры – ел тағдыры екенін еш уақытта ұмытпайық. Ақын-жазушыларымыз жырлаған тіл – қазақ тілі, Мəңгілік елдің Мəңгілік тілі болып қала бермек!

 


2018-12-05 16:36:43

Сондай-ақ оқыңыз